• 04.03.2019

Фотожурналистен кеңес

Фотожурналистика-  белгілі бір суреттің көмегімен ақпаратты нанымды әрі толыққанды жеткізуді мақсат ететін журналистиканың дәстүрлі саласы.  Жаңа технологиялардың  қарыштап дамуы  фоторепортаждың заманауи БАҚ-тың негізгі жанрына айналуына үлкен әсер етті. «Суретті сөйлете білетін» мұндай мамандық иелері газет- журналдарда, түрлі телеарналарда, сондай- ақ ғаламтордағы веб-сайттарда қызмет атқарады.

Олай болса, бұл салаға қызығушылық танытатындар үшін қажет болады деген  үмітпен  Сүлеймен Демирел Университетінің ассистент-оқытушысы, фотожурналистика пәнінің мұғалімі Аян Ғиззат мырзадан  керекті  кеңестерді ұсынуды жөн көрдік.

                         Фотожурналиске керек басты қасиеттер

Кез-келген мамандықтың өнімді болуы  адами қарым- қатынастардың дұрыс құрылуына байланысты. Ал  фотожурналист үшін бұл әлдеқайда маңыздырақ, себебі  адамдардың көңілін тауып, олардың сенімінен шыға білу арқылы көздеген мәліметіне оңай қол жеткізе алады.

Сонымен қатар, фотожурналист  неғұрлым ізденіс пен талпыныс үстінде   жүрсе, соғұрлым бұл салада көп жетістіктерге жете алады. Өз ісінің нағыз маманы тек берілген тапсырмаларды ғана орындап қоймай, үнемі ізденіп жүреді. Мәселен, кездейсоқ болған оқиғалардың, айрықша сәттердің , ерекше адамдардың суреттері болашақта міндетті түрде кәдеңізге жарайды.

Фотожурналист -әдемі суреттерді тудырушы фотограф қана емес, сондай-ақ сол фотоға сай мағыналы мәтін жаза білетін журналист екендігін ұмытпаңыз. Түсірген суретіңіз бен жазған мәтініңіз бірін-бірі  толықтырып тұруы тиіс.

 

Суретіңіз сапалы болуы үшін...

Фотоңыздың сәтті шыққанын қаласаңыз, ең алдымен өз ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіз бен құлшынысыңыз жоғары болсын. Бір суретіңіздің ойдағыдай шығуы үшін жүздеген кадрларды түсіруге дайын болыңыз.

Суретіңіз нақты бір әрекетке, я болмаса түрлі эмоцияға негізделуі тиіс. Сұлулықтан бұрын,  түсіргеніңіздің сізге қажет ақпаратты қаншалықты дәл жеткізе алатындығына, оқиғаның мазмұнын ашып бере алатындығына мән беріңіз.

Суретке түсіру барысында ерекше ракурстарды  қолдансаңыз, аудиторияны өзіңізге бірден қызықтыра аласыз.

Сапалы суреттің басты белгісі- дұрыс қолданылған жарық. Түсірілетін обьектінің жарыққа қатысты орналасуын және  қай жерде табиғи жарықты,  ал қандай жағдайда жарқылды  (вспышканы)  қолдану керектігін білу өте маңызды.

Егер суретіңіз портрет режимінде болса, онда нысанның артындағы фон біртекті болуы қажет. Назарды өзіңе аударатын түрлі көріністерден аулақ болыңыз.

Кез-келген суретті тым төменнен немесе тым жоғарыдан емес, көз деңгейінде түсіре біліңіз.

Одан бөлек,жақыннан алу, дәл ортадан алмау, көлбеу қалыпта түсіру тәрізді бірқатар ережелерге мән беріңіз.

Фотожурналист этикасы

Кейбір  фотожурналистердің қалаған нәтижеге қол жеткізу жолында моральдық- этикалық  қағидаларды ескермей кетіп жататындарын жиі кездестіреміз. Мәселен, жас баланы өлімнен  аман алып  қалу мүмкіндігі бола тұра, эксклюзивті сурет түсіремін деп, бір жанның өмірін пида еткен фотожурналист оқиғасы таныс болар. Өз ісінің маманы болған әрине, өте жақсы, дегенмен, ең бастысы өзіңіздің адам екеніңізді естен шығармаңыз.

Фотожурналистің басты міндеті- фотосурет арқылы шынайы мәлімет беру. Сіздің суретіңізге адамдар сенім білдіретіндіктен, оның жалған, бояма ақпарат болмауын қадағалаңыз.

Егер адамды немесе қандай да бір оқиғаны  фотоға түсіруге рұқсат етілмеген  болса, онда сіздің бұл құқықты  бұзып, жағдайға араласуыңызға еш хақыңыз жоқ.

Айта кетерлік жайт, фотожурналиске  апатты оқиғаларда, қауіпті аймақтарда  да қызмет атқаруға тура келетіні белгілі. Мұндай кездерде өміріңіздің  қауіпсіздігіне өзіңізден басқа ешкім жауап бермейтінін ұмытпаңыз.

Сонымен, қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл саланы таңдаған болсаңыз, еңбекқорлық пен жауапкершілік,  жан-жақтылық – нағыз сізге қажет қасиеттер.Себебі, фотожурналистика- көпшілігіміз ойлағандай жеңіл іс емес, фотоөнер мен журналистиканы тоғыстырған  айтулы мамандық.     Түрлі курстарға қатысу, ғаламтордағы онлайн- сабақтар, және ұдайы тәжірибе жасау арқылы шеберлігіңіз шыңдала түседі. Ендеше, іске сәт, жас достар!

 

                                                                                                                   Теки Томирис


Понравилась статья, поделись с другими:
өзге мәліметтер